Өзбекстанда азаматтар 5 қыркүйектен бастап айырбас пунктерінде шетел валютасын нарық бағасы бойынша сата алады.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "Валюта саясатын либерализациялаудың алғашқы қадамдары туралы" қаулыға қол қойды. Құжат бойынша, ұлттық валюта бағамын анықтауда нарық механизмдері ғана ескеріледі.
Өзбекстан азаматтары шетел валютасын айырбас пунктерінде сатып, коммерциялық банктердің конверсиялық бөлімдерінен ешқандай кедергісіз сатып ала алады.
Бұл қаулыға дейін Өзбекстанда үш валюта бағамы бар еді: ресми, биржалық және "қара базар бағамы". Қарапайым адамдарға арналған "қара базар бағамы" астыртын валюта нарығында қалыптасады. "Қара базар" бағамы мен Орталық банк белгілеген бағамның айырмашылығы екі есеге жуықтайды.
"Қара базар бағамы" 1990-жылдардың басында қалыптасты және ол заңсыз саналды. Билік оларды ұстаумен шұғылданды.
Өзбекстан халқы авторитарлық президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін валюта саясатын либеризациялауды күткен.