Accessibility links

Астана Мьянмадағы жағдайға алаңдаушылық танытты


Қайрат Әбдірахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Қайрат Әбдірахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Мьянмадағы (бұрынғы атауы Бирма) этникалық рохинджа тобын қудалауға салуға қатысты алаңдаушылық танытып, Астана бұл ел билігін халықаралық құрылымдармен белсенді ынтымақтастық орнатуға шақырғанын мәлімдеді.

Астанада бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысы қарсаңында журналистерге сөйлеген Әбдірахманов "Мьянмадағы мұсылмандардың жағдайына қатысты үлкен алаңдаушылық білдіреміз. Мьянмадағы исламофобияның кері тенденциясын бақылап отырмыз" деді.

Министрдің сөзінше, мұндай кезде жағдайға Ислам ынытымақтастығы ұйымының байланыс тобы сияқты құрылымдардың белсенді араласқаны дұрыс.

Тұрғындарының басым бөлігі буддизм дінін ұстанатын Мьянма республикасында мұсылман рохинджалар жергілікті билік тарапынан қысым көріп отыр. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігінің соңғы мәліметі бойынша, этникалық азшылық топтың 73 мыңнан астам өкілі жақында елден қашуға мәжбүр болған. Мьянмада соңғы апталарда буддистер мен мұсылмандар арасындағы қақтығыстар салдарынан 400-ден астам адам мерт болған.

Мьянмадағы жағдайға қатысты Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірді. Ол Twitter-де "Мьянмадағы алаңдатарлық жағдайға қатысты БҰҰ өзінің ұстанымын айқын білдіруі тиіс. Себебі көптеген бейкүнә мұсылман қатаң қуғын-сүргіннің құрбаны болып отыр" деп жазды.

Ресей құрамындағы Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров кеше Мьянмадағы мұсылмандарды қудалауды айыптаған. Жексенбіде Шешенстанмен көрші Дағыстанда, Мәскеуде рохинджаларды қолдау акциясы өткен.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мьянмадағы жағдайға Мәскеудің "мұқият назар аударып" отырғаны туралы мәлімдеп, жанжалға қатысушы тараптарды диалог орнатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG