Accessibility links

Зерттеу: Әзербайжан еуропалық саясаткерлерге құпия қаржы төлеген


Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті.
Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті.

Әзербайжанның жоғарғы билік элитасы екі жылда құпия қор арқылы 2,8 миллиард доллар қаржыны еуропалық саясаткерлерге пара ретінде берген және басқа да жеке мақсаттағы қымбат шығындарын төлеген. Бұл туралы Еуропа газеттерінің консорциумы жүргізіп, Ұйымдасқан қылмыс және коррупцияның хабарлау жобасы (Organized Crime and Corruption Reporting Project - OCCRP) жариялаған зерттеуде айтылады.

Зерттеу мәліметтеріне қарағанда, Бакудегі билікке қолдау көрсеткен еуропалық саясаткерлер мен басқа да адамдарға қаржы Ұлыбританияда орналасқан төрт компания арқылы төленген. Консорциум мен OCCRP қаржыны алушылар ол қаржының қайдан келіп жатқанынан хабардар болмауы да мүмкін дейді.

BBC мен Guardian жариялаған зерттеуге қарағанда, құпия қор сырттай Azerbaijani Laundromat ("Әзербайжандық кір жуғыш") деген жалған атқа ие болған және 2014 жылға дейін екі жыл жұмыс істеген.

"Қаржының түбі қайдан екені белгісіз, бірақ оның президент Ильхам Әлиев отбасымен байланысы барына дәлел жеткілікті" делінген зерттеуде.

Әзербайжан үкіметі әзірге бұл мәліметке қатысты реакция білдірмеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Әзербайжан билігін коррупцияға батқан, сайлау нәтижелерін бұрмалайды, оппозициялық саясаткерлерді, құқық қорғаушылар мен журналистерді түрмеге жауып жатыр деп айыптайды.

Зерттеуде қаржының көбі еуропалық лоббистерге, саясаткерлерге, журналистерге және бизнесмендерге берілгені, біраз бөлігі билікпен жақын байланыстағы әзербайжандықтардың жеке меншік оқу қымбат ақысын төлеуге жұмсалғаны анықталған.

XS
SM
MD
LG