Accessibility links

БҰҰ өкілі Астанада мүгедектер құқығы жайын талқылады


Каталина Девандас Агилар, БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы. Астана, 5 қыркүйек 2017 жыл. (Сурет Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтынан алынды).
Каталина Девандас Агилар, БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы. Астана, 5 қыркүйек 2017 жыл. (Сурет Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтынан алынды).

Қазақстанға сапарлап келген БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар Астанада бірқатар жоғары шенді билік өкілдерімен кездесіп, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты мәселелерді талқылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, БҰҰ баяндамашысы Астанада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесті. Кездесуде мүгедектердің әлеуметтік көмек көрсету бағдарламаларын пайдалана алуы, әлеуметтік төлем, мүгедектерге жеке көмекші бөлу, олардың денсаулығын оңалтуға көмектесетін техникалық құралдар, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін модернизациялау талқыланды.

Дүйсенова БҰҰ өкіліне Қазақстан Мүгедектер құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойған соң мүгедектердің жағдайын жақсартуда біршам шаралар жасағанын айтты.

Каталина Девандас Агилар сонымен қатар Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен де кездесті. Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, әңгіме барысында министр мен БҰҰ өкілі Қазақстан мен БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесі арасындағы ынтымақтастықты талқылады.

Министрлік БҰҰ баяндамашысы сапары барысында орталық және жергілікті атқару органдарының, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, мүгедектер құқығын қорғауға қатысты жағдайды зерттейтінін айтады.

Каталина Девандас Агилар Қазақстанда жинаған мәліметін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде таныстыратын баяндамасына қосып, тиісті ұсыныстар жасамақ.

Қазақстан Мүгедектер құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияға 2015 жылы 20 ақпанда қол қойған.

XS
SM
MD
LG