Accessibility links

Ақтөбе: Прокуратура тергеуге наразы азаматтың ісін бақыламақ


Ақтөбе облыстық прокуратурасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облыстық прокуратурасы (Көрнекі сурет).

Тергеу изоляторында наразылық білдіріп, тергеушінің фамилиясын кеудесін тілгілеп жазып алған ақтөбелік Бауыржан Өнерзақтың ісін Ақтөбе облыстық прокуратурасы өз бақылауына алды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат басшысы Жасұлан Дәулембаев хабарлады.

- Айыпталушы мен оның адвокаты түнгі клубтағы төбелес кезінде Бауыржан Өнерзақтың қолында пышақ болмағанына сенімді. Ал тергеу оны Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлімі бойынша айыптап отыр. Айыпталушының іс-әрекеті дұрыс дәрежеленуі үшін бұл істі прокуратура өз бақылауына алды, - дейді Дәулембаев.

Бауыржан Өнерзақтың адвокаты Заур Мамедовтің Азаттыққа айтуынша, екі айға жуық тергеу изоляторында болған Өнерзақ үш күннен бері үйқамақта отыр. Бұзақылық жасады деп айыпталған ақтөбелік қамауға биыл 5 шілде күні алынған.

- Бауыржан Өнерзаққа түнгі клубтағы төбелестен соң айып тағылды. Бірақ изоляторда отырған кезінде жәбірленушілер оған қарсы куәлік еткен жоқ. Тергеу кезінде түрлі заң бұзушылықтар болды. Менің қорғауымдағы азамат тергеуге наразы болып, изоляторда аштық жариялады. Кеудесін тілгілеп, тергеушінің фамилиясын жазып тастады. Әділетсіздікке наразы болған азамат қамауда болған екі айға жуық мерзімде 10 килограмнан астам салмақ жоғалтты, - дейді адвокат.

Осыдан үш күн бұрын сот қаулысымен үй қамаққа жіберілген Бауыржан Өнерзақ қазір өз үйінде ем қабылдап жатыр. Кәмелетке толмаған екі баланың әкесі 28-30 тамыз аралығында изоляторда аштық жариялаған. Айыпталушының жұбайы Арина Нұғманованың сөзіне қарағанда, күйеуінің кеудесіндегі жазу қарақотырланып, тыртыққа айнала бастаған.

XS
SM
MD
LG