Accessibility links

Киев АТО терминін "Украинаны қорғау операциясы" деп өзгертпек


Юрий Грымчак, Украинаның уақытша оккупацияланған территориялар мәселесі бойынша министрі.
Юрий Грымчак, Украинаның уақытша оккупацияланған территориялар мәселесі бойынша министрі.

Украина билігі Донбастағы соғысқа қатысты қолданатын "Антитеррорлық операция" (АТО) деген терминді енді қолданбайды. Бұл жайында Азаттықтың Украин редакциясының эфирінде уақытша оккупацияланған территориялар мәселесі бойынша министр Юрий Грымчак мәлімдеді.

Терминге қатысты өзгеріс Донбасты қайта кіріктіру туралы заң жобасына енгізіледі. Енді Украина қарулы күштерінің әрекеті "Украинаны қорғау операциясы" деп аталмақ. "Соғыс" сөзі ресми құжаттардан алынып тасталмақ.

Заң жобасы Жоғарғы Раданың қарауына БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясынан кейін түспек. 20 қыркүйекте Бас ассамблеяда Украина президенті Петр Порошенко сөйлемек. Министрдің сөзінше, құжатқа сонымен қатар Донбасқа бітімгерлік күштерін орналастыру туралы ереже де енгізілуі мүмкін.

Украинаның шығысында үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы үш жылдан астам уақытқа созылған соғыстан үш мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты. Киев пен Батыс елдері Кремльді сепаратистерге қолдау көрсетеді деп айыптайды. Украина қарулы бас штабының мәліметінше, өзін өзі жариялап алған "халық республикаларының" жағында 40 мың әскер соғысып жүр. Киев олардың қатарында Ресейдің бес мың сарбазы бар дейді. Бірақ ресми Мәскеу мұны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG