Accessibility links

"Төлешов ісіндегі" шенеуніктер айыбы жеңілдеді


Тоқтар Төлешов пен тағы сегіз адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс материалдары. Еңбекші аудандық соты, Шымкент, 13 шілде 2017 жыл.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында 21 жылға бас бостандығынан айырылып, оған қоса "экономикалық қылмыстар жасағаны үшін" үстінен қылмыстық іс қозғалған бизнесмен Тоқтар Төлешовпен бірге айыпталған төрт мемлекеттік қызметкердің айыбы жеңілдеді. Бұл туралы 6 қыркүйекте прокурор Жасұлан Әділбайұлы мәлімдеді.

Сәрсенбі күнгі сот отырысына айыпталушылар мен олардың қорғаушылары, прокурорлар қатысты. Сотқа судья Мырзалы Жорабаев төрағалық етті.

Судья осы уақытқа дейін сот-тергеу ісі жүргенін, үзілістен кейін кімнің қандай да бір талап-тілегі бар-жоғын сұрады. Прокурор Жасұлан Әділбайұлы жаңа айыптау актісін оқыды.

- Төлешовтің қылмыстық ісі бойынша айыпталып отырған Еңбекші аудандық салық басқармасының қызметкерлері "пара алу" бабымен айыпталған болатын. Олардың қылмыстық іс әрекеттері сотта басқа дәрежеде екені анықталып, тағылған айыбының бабы ауыстырылды. Экономика саласындағы қылмыстары өзгерген жоқ, - деді прокурор.

Жасұлан Әділбайұлының Азаттыққа айтуынша, Еңбекші аудандық салық басқармасының төрт қызметкеріне тағылған айып сотта істі қарау кезінде анықталған жайттарға байланысты 366-баптан 361-бапқа алмастырылған. "Бұл олардың айыбын жеңілдетеді" деді прокурор.

Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлері – бөлім басшысы Гүлжан Бексейітова "пара алған" және "лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланған", бөлім басшысының орынбасары Самат Алдабергенов пен бас мамандар Нұржан Қарақожаев және Мадияр Мұсаев "пара алған" деп айыпталған еді.

Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов пен оның "сегіз сыбайласының" үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы 10 шілдеде басталған. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG