Accessibility links

Экс-шенеуніктің адвокаты Астана сотына сенімсіздік білдірді


Бауыржан Мусин, дін істері және азаматтық қоғам министрлігі азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы.
Бауыржан Мусин, дін істері және азаматтық қоғам министрлігі азаматтық қоғам істері жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы.

Астанада бүгін дін істері және азаматтық қоғам министрлігі азаматтық қоғам істері бойынша комитетінің бұрынғы басшысы, коррупциялық қылмыс жасады деп айыпталған Бауыржан Мусиннің соты басталды деп хабарлады жергілікті агенттіктер. Мусин биыл 31 наурызда "мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың мүддесін қорғағаны үшін пара алды" деген күдікпен ұсталған.

Қылмыстық істі Астананың Есіл аудандық №2 соты қарап жатыр. Бірақ сот отырысы сотталушылардың іс материалдарымен таныспауына және айыптау актісінің көшірмесін алмауына байланысты кейінге қалдырылды.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, адвокат Нұрлан Бейсекеев іс Есіл аудандық №2 сотының қарауына жатпайтынын мәлімдеп, Астана сотына сенімсіздік білдірді. "Астана қаласының барлық сотына сенімсіздік білдіремін... Астананың барлық сотына, оның ішінде Астана сотының апелляциялық алқасына қарсылық білдіреміз және бұл істі басқа кез-келген облыстық соттың қарауына беруді сұраймыз" деді Бейсекеев. Істі қарап жатқан Астананың Есіл аудандық №2 сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы адвокат бұл талап-арызын "уақытынан ерте білдіргенін" айтып, соттың 14 қыркүйекке ысырылғанын жариялады.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін Мусиннің "кәсіпкерден жүйелі түрде пара алғанын" мәлімдеген. Коррупцияға қарсы қызмет "Мусин алған параның жалпы көлемін 1,4 миллион теңге деп санайды. Министрлік Мусин ұсталған соң оның комитетте негізінен осы саланың қаржы-экономикалық мәселелеріне басшылық жасағанын мәлімдеген.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі былтыр күзде құрылған.

XS
SM
MD
LG