Accessibility links

АҚШ соты Трамптың миграция туралы жарлығын түзеді


АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 7 қыркүйек 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 7 қыркүйек 2017 жыл.

Нью-Йорктің апелляциялық соты 7 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамптың мұсылмандар басым тұратын алты ел (Иран, Судан, Сирия, Сомали, Ливия және Йемен) азаматтары мен мигранттарының АҚШ-қа кіруіне уақытша тыйым салу туралы жарлығын қарап, АҚШ және оның азаматтарымен "адал қарым-қатынастағы" мигранттардың елге кіруіне рұқсат берілуі тиіс деген шешім шығарды.

Сот сонымен қатар АҚШ-та заңды түрде тұратын, мұсылмандар басым бұл алты елден шыққан мигранттардың ата-әжелері, әкесінің немесе шешесінің туыстары АҚШ-қа кіруіне 90 күнге дейін тыйым салынатындар тізімінен шығарылсын деген шешім қабылдады. Трамптың жарлығы бойынша, аталған алты ел азаматтарының елге кіруіне 90 күнге дейін шектеу қою қарастырылған.

АҚШ-тың жоғарғы соты маусымда Трамп жарлығының күші АҚШ азаматтарымен немесе америкалық мекемелермен "адал қарым-қатынастағы" адамдарға жүрмеуі тиіс деген шешім шығарған.

Президент әкімшілігі жоғарғы соттың шешіміне қырын қарап, босқындарға шектеу қоюын тоқтатпаған. Бұған Гавай штаты қарсы шығып, апелляциялық сот оны қолдаған.

Апелляциялық сот президент әкімшілігінің АҚШ-тағы қоныстандыру агенттіктерінің мигранттарға берген жазбаша сенімхаты "адал қарым-қатынасты" растай алмайды деген уәжін елемей тастады.

Сот "ата-әжесі, немересі, жиені, немере аға-әпкесі, немере іні-қарындасының АҚШ-та тұратын туысымен адал қарым-қатынаста емес дегенді елестету қиын" деген уәжін келтірді.

6 наурызда қол қойылған жарлық бойынша Иран, Ливия, Сомали, Судан, Сирия және Йемен азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салынатын болған. Бірақ жарлық шыққаннан бірнеше күннен соң АҚШ соты оның күшіне енуін уақытша тоқтатқан.

XS
SM
MD
LG