ОПЕК-тің мұнай өндіруші елдермен мұнай өндіру көлемін азайту келісімін толық орындалуы қиын. Бұл туралы Ресей Орталық банкі зерттеу және болжам жасау департаментінің 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша даярлаған "О чем говорят тренды" деп аталатын бюллетенінде айтылады.
Ресейлік "Новая газета" басылымында жарияланған хабарламада мұнай экспорттаушы елдер АҚШ-та тақтатастан мұнай өндіру көлемі артып жатқан тұста әлемдік нарықты теңгерімді түрде қамтамсыз ете алмай тұрғаны және бірнеше ел, оның ішінде Қазақстанның өндіріс көлемін белгіленген квотадан асырмау шартын орныдамай отырғаны айтылады.
7 қыркүйекте Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астанадағы энергетикалық форумда Қазақстан мұнай өндіру көлемін азайту жоспарын орындайтынын мәлімдеген. Бозымбаев сол күні журналистерге Қазақстан өткен айда жоспарлағаннан аз көлемде мұнай өндіргенін айтқан. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан тамызда бір миллион 643 мың баррель мұнай өндірген.
Мұнай экспорттаушы елдердің өндіріс көлемін азайту туралы келісімі шартты түрде 2018 жылдың наурызына дейін күшінде болады. Келісім бойынша, Келісімге қол қойған елдер тәулігіне өндірілетін жалпы мұнай көлемін 1,8 миллион баррельге азайтуға тиіс. Келісім бойынша Қазақстан қысқартатын күндік өндіріс көлемі 20 мың барельді құрайды.