Сирия президенті Башар Асадтың үкіметі Хан-Шейхун қаласына сәуір айында шабуыл жасаған кезде химиялық қару қолданғаны туралы БҰҰ-ның таққан айыбын жоққа шығарды. БҰҰ-на жолдаған хатында Дамаск химиялық қару атаулыдан ада болуы себепті азамат соғысы кезінде ешқашан улы газ қолданбағаны туралы мәлімдеген.
Қыркүйектің 6-сы күні Сириядағы әскери қылмыстарды зерттеу жөніндегі БҰҰ-ның комиссиясы жариялаған есепте Сирия үкіметінің әскери ұшақтары қарулы жанжал барысында 20-дан аса рет, соның ішінде биыл сәуірдің 4-інде Идлиб провинциясындағы Хан-Шейхун қаласына жасалған әуе шабуылы кезінде де химиялық қару қолданғаны, соның салдарынан 80-нен астам бейбіт тұрғын зарин газынан уланып қаза тапқаны айтылған.
Дамаск әуе шабуылы барысында үкімет ұшақтары тастаған бомба көтерілісшілер дайындаған химиялық снарядтар қоймасына түсті деп отыр.
Башар Асад 2013 жылы Сирия үкіметі елдегі химиялық қарудың бүкіл қоры – халықаралық конвенция бойынша тыйым салынған 1300 тонна улы заттарды жою үшін халықаралық арағайындарға берілді деп мәлімдеген болатын.
Сирияда алты жарым жылға жалғасқан азамат соғысы барысында 450 мыңнан аса адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын босқынға айналған.