Accessibility links

Ақордада Назарбаев пен Ердоған кездесті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға сапармен келген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қабылдағаннан кейін мемлекет басшылары екіжақты кездесу өткізді деп xабарлайды Қазақпарат агенттігі.

Назарбаев соңғы ширек ғасырдың ішінде Қазақстан мен Түркия арасында достық қарым-қатынас қалыптасып, экономикалық, мәдени байланыстарды нығайтуға көп жұмыс атқарылғанын айтқан.

"Біздің өңірімізде өз проблемамыз бар, сізде де бар. Соның барлығын кеңінен талқылап ақылдасуға бүгін мүмкіндігіміз бар. Сіз бен Путиннің сұрауымен Сирия мәселесі бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 14-інде (қыркүйек) тағы бір кездесу болады", - деген Назарбаев.

Аймақтық шиеленістерді шешуде Назарбаевтың еңбегін ризашылықпен атап өткен Ердоған Сирия мәселесі бойынша Астана келіссөздері өте маңызды екенін айтқан. Сонымен бірге ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту қажеттігіне тоқталған.

- Қазіргі кезде Түркия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы екі миллиард долларға жуық соманы құрап отыр, бұл көрсеткіш әлі жеткіліксіз деп санаймын. Қабылданған уағдаластыққа сәйкес, біздің мақсатымыз - тауар айналымын бес миллиард долларға дейін жеткізу, - деген Ердоғанның сөзін келтірген Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.

Түркия президенті Қазақстанға жұма күні кешкісін келген. Ол Астанада жексенбіде басталатын Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне қатысады деп хабарланған.

Сирия бойынша бейбіт келіссөздердің жаңа бөлігі бұған дейін кейінге ысырылған болатын. Шілде айында Астанада екі күн бойы келіссөздер өткізген Ресей, Иран және Түркия дипломаттары Ресейдің ұсынысы бойынша Сирияның бірнеше ауданында құрылмақ "қауіпсіздік аймақтарына" қатысты түпкілікті шешімге келе алмай тарқасқан еді.

Ресей мен Иран Сирия президенті Башар Асадтың үкіметін жақтайды. Түркия Асадқа қарсы соғысып жатқан оппозициялық күштердің бір бөлігіне қолдау танытады.

XS
SM
MD
LG