Accessibility links

Украина мен АҚШ әскерилерінің "Rapid Trident" жаттығуы басталды


Украиналық және америкалық әскерилері осының алдындағы бірлескен жаттығуының ашылу рәсімінде тұр. Львов облысы, Украина, 20 сәуір 2015 жыл.
Украиналық және америкалық әскерилері осының алдындағы бірлескен жаттығуының ашылу рәсімінде тұр. Львов облысы, Украина, 20 сәуір 2015 жыл.

Украинаның Хмельницкий облысындағы қарулы күштер әуе базасында украиналық және америкалық әскерилердің "Rapid Trident - 2017" командалық-штабтық жаттығуларының бірінші бөлігі басталды. Украина қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, АҚШ әуе базаларының бірінің мамандары украиналық әріптестеріне "түрлі жағдайлар кезінде әскердің өзге бөлімдерімен өзара іс-қимыл жасау әдістерін" үйретеді.

Жаттығудың негізгі бөлігі қыркүйектің 11-і мен 23-і аралығында Львов облысындағы Яворовск полигонында орналасқан гетман Петр Сагайдачный атындағы ұлттық әскери академиясының бітімгерлік және қауіпсіздік халықаралық орталығында өтеді. Оған оннан аса елден 2,5 мың әскери қызметкер қатыспақ. Украина мен АҚШ-тан өзге Канада, Ұлыбритания, Италия, Норвегия, Польша, Түркия, Грузия, сонымен бірге Молдова өкілдері қатысады.

"Rapid Trident" бағдарламасының ресми парағында АҚШ және НАТО-ға мүше өзге елдердің Украинаға қолдау танытуына бағытталған жаттығулар барысында аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғап, қолдау жөніндегі операциялар пысықталатыны жазылған.

Украина қорғаныс министрлігі "Rapid Trident" жаттығуының тұрақты түрде өткізілетінін және бұл қыркүйектің 14-і күні басталатын ресей-беларусь бірлескен "Батыс-2017" әскери жаттығуына жауап емес екенін айтады. Қыркүйектің 14-і күні Жоғарғы Радада сөйлеген сөзінде Украина президенті Петр Порошенко Ресей және Беларусь армияларының жаттығуы деген желеумен "Украина территориясына басып кіру үшін ресейлік әскердің соққы бертін жаңа топтары жасақталуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды" деп мәлімдеген.

Украинадағы әскери жаттығу басталар қарсаңда Молдова қарулы күштерінің 57 өкілі, осы елдің ресейшіл президенті Игорь Додонның тыйым салғанына қарамастан Яворовск полигонына келді. Олардың "Rapid Trident-2017" әскери жаттығуға қатысуына қыркүйектің 6-сы күні Молдова үкіметі рұқсат берген. Президент Додон үкіметті озбырлық жасады деп айыптап, өзінің қарсы болуына қарамастан ел сарбаздарын украин-америкалық әскери жаттығуына жіберген әскерилерді жазалайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG