Accessibility links

Киевтегі атыста екі қырғызстандық жараланған болуы мүмкін


Киев қаласындағы гетман Богдан Хмельницкийдің ескерткіші. (Көрнекі сурет.)
Киев қаласындағы гетман Богдан Хмельницкийдің ескерткіші. (Көрнекі сурет.)

Алдын ала мәліметтер бойынша, Киевтің Шевченко ауданында болған атыс салдарынан Қырғызстанның екі азаматы жараланған. Бұл туралы Киевтегі Украина ұлттық полициясының баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция дерегі бойынша, әуелде Беларусь көшесінде тұрған терезесі сынған Opel автокөлігінің ішінде автоматқа ұқсас зат жатқаны туралы хабар түскен. Тағы бірнеше минуттан кейін 102 желісі арқылы Бердичев көшесіндегі медициналық орталыққа дәрігер көмегін сұрап барған екі ер адамның денелерінде оқ тиген жарақат іздері бары туралы ақпарат жеткен.

Оқиға орнына жедел тергеу тобы, патрульдік полиция қызметкерлері, криминалист сарапшылар және қылмыстық іздестіру өкілдері барған. Украина полициясының хабарлауынша, құқық қызметкерлері оқиға орнынан оқ тиген және салонында қан ізі бар Jaguar көлігін тапқан. Кейін анықталғандай, шабуыл жасағандар мінген Opel автокөлігін Беларусь көшесінде қалдырып кеткен. Алдын ала ақпарат бойынша, олар екі адам болған. Олар қашып кірген үйдің ауласынан полиция ішінде автоматтың оқшантайы, бетперде, оттық пен темекі қалдықтары бар спорттық сөмке тауып алған.

Киев ұлттық полициясының бастығы Андрей Крищенко атыс салдарынан зардап шеккен екі адамның, алдын ала мәлімет бойынша, Қырғызстан азаматтары екені туралы хабарлады.

XS
SM
MD
LG