АҚШ-та киберқылмыс жасаған деген айып бойынша сотталған ресейлік Роман Селезнев несие карталарын бұзу арқылы екі миллион доллар ұрлағанын мойындаған. Бұған дейін Сиэтл қаласының соты Ресей мемлекеттік думасының депутаты Валерий Селезневтің ұлын АҚШ-тағы компьютерлерді сырттан бұзғаны және несие карталарымен алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп танып, Роман Селезневке 27 жыл түрме жазасын кескен болатын.
Қыркүйектің 8-і күні АҚШ әділет министрлігі қамауда отырған Селезнев тағы екі қылмысты мойындады деп мәлімдеді.
Ресей азаматы 2008 жылы ақша аударымын жасайтын компанияның жүйесін бұзып, бөтеннің ақшасын иеленуге қатысқан. Оған қоса Селезневке хакерлер тобымен бірге несие карталарының деректерін ұрлауға қатысқан деген айып тағылған. Бұл қылмыстық оқиғаның салдарынан келген шығын 50 миллион доллардан астам деп бағаланады.
Роман Селезневті АҚШ арнайы қызметі 2014 жылы Мальдив аралдарында ұстаған. 2017 жылғы сәуірде алқабилер соты оны 27 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім еткен. Прокуратура Селезневтің іс-әрекетінен әлем бойынша 3700 түрлі қаржы мекемелері, 500-ден астам компания және миллиондаған несие карталарының иелері зиян шеккенін анықтаған. АҚШ-тағы Ресей елшілігі Селезневке шыққан үкімге наразылық білдірген. Қылмыскердің әкесі, Ресей либералды-демократиялық партиясынан мемлекеттік думаға сайланған депутат Валерий Селезнев ұлының ұсталуын "адам ұрлау" деп атаған.