Accessibility links

Қырғыз президенттігіне бес кандидат таза сайлау жайлы меморандумға қол қойды


Таза сайлау туралы меморандумға қол қою рәсімі. Бішкек, 9 қыркүйек 2017 жыл.

Бішкекте Қырғызстан президенттігіне ресми тіркелген бес кандидат – Арыстанбек Абдылдаев, Токтайым Уметалиева, Сооронбай Жээнбеков, Арсланбек Малиев пен Таалатбек Масадыков таза сайлау туралы меморандумға қол қойды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Меморандумға қол қоюшылар сайлау заңы нормаларын сақтау, саяси бәсекелестеріне өзара құрмет пен төзімділік таныту, әкімшілік ресурстарды пайдаланбау, сайлаушы дауысын сатып алумен айналыспау, сайлаушылар дауысына ие болу мақсатымен сыйлық және басқа да материалды құнды заттар таратпау, қайырымдылық ас беруді ұйымдастырмау, қызмет түрлерін тегін немесе жеңілдікпен ұсынбау туралы көпшіліктің алдында міндеттеме алған.

Токтайым Уметалиева меморандумды "джентельмендік келісім" деп атаған. Қол қойған бесеуден өзге президенттікке кандидаттар Адахан Мадумаров, Темір Сариев пен Улугбек Кочкоров шараға қатысқанымен, құжатқа қол қоймаған.

"Бұл құжатқа сайлаушылардың дауысын расымен сатып алатын және заң бұзатындар қол қоюлары керек, ал бүгінгі шараға қатысқандардың арасында ондайлар жоқ", - деп мәлімдеген Кочкоров

Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының жетекшісі Нұржан Шайлдабекова меморандумға қол қоймаған кандидаттардың аты-жөнін ресми жариялауға уәде берді.

Қазіргі кезге дейін Қырғызстан президенттігіне ресми кандидат болып бұрынғы премьер-министр Темір Сариев, "Республика - Ата-Жұрт" парламенттік фракциясының лидері Омурбек Бабанов, бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбеков, "Онугуу-Прогресс" фракциясының жетекшісі Бакыт Торобаев, Бішкек қаласы мэрінің бірінші орынбасары Эрнис Зарлыков, "Бутун Кыргызстан" партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров, қоғам қайраткері Азимбек Бекназаров, бейүкіметтік және коммерциялық емес ұйымдар ассоциациясының жетекшісі Токтоайым Уметалиева, бұрынғы парламент депутаты Улукбек Кочкоров, "Аалам" партиясының басшысы Арсланбек Малиев, БҰҰ-ның бұрынғы шенеунігі Таалатбек Масадыков, экс-депутат Камчыбек Ташиев және жеке кәсіпкер Арыстанбек Абдылдаев тіркелген.

Қырғызстанда кезекті президент сайлауы биыл қазанның 15-інде өтеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG