Accessibility links

Саакашвили мінген пойызды Польша аумағында тоқтатып қойды


Михаил Саакашвилиді жақтайтындар украин-поляк шекарасына жиналып тұр. 10 қыркүйек 2017 жыл.
Михаил Саакашвилиді жақтайтындар украин-поляк шекарасына жиналып тұр. 10 қыркүйек 2017 жыл.

Грузияның экс-президенті, Украинаның Одесса облысының бұрынғы басшысы Михаил Саакашвили бүгін Польшадан отырып, Украинаға келмек болған пойыз украиналық билік орындарының талабы бойынша Польша территориясында тоқтатылды. Пойыз Киев уақыты бойынша сағат 14:07-де аттануы тиіс еді. Бірақ Саакашвилидің айтуынша, "Укразалізниця" мемелекеттік компаниясының басшылары ол түсіп кетпейінше пойыздың қозғалуына тыйым салған. Сонымен бірге дыбыс ұлғайтқыш арқылы жасалған хабарламада Украина ұлттық полициясынан пойызда Украина аумағына кіруіне тыйым салынған ақпарат келіп түскені, сондықтан ол адам шығып кетпейінше пойыздың қозғалмайтыны айтылған.

Бұған дейін Украина билігі сол елдің азаматтығынан айырған Михаил Саакашвили Польшаның Перемышль қаласында брифингте украин-поляк шекарасынан "Краковец" бекеті арқылы емес, журналистер және депутаттармен бірге "Перемышль - Киев" жүрдек пойызымен өтетіні туралы мәлімдеген. Саясаткер мұндай шешімін қазір "Краковец" бекеті жанында қарулы "титушкалар" торуылдап тұр және олар арандату ұйымдастыруы мүмкін деп түсіндірген.

Украинаның Львов облысындағы аталған шекара бекетінде Саакашвилиді тосып алуға жақтастары да, қарсыластары да жиналған. Саясаткерді жақтайтындар ол жерге шатыр тігіп, сахна құрып қойған. Украиналық БАҚ тікелей трансляция беріп жатқан шекара бекетінде Саакашивилиді қолдайтын бірнеше жүз адам, соның арасында бұрын еріктілер батальондарында болғандар да жүргенін көруге болады. Сонымен бірге әлгі жерге саны жағынан олармен шамалас Саакашвилидің қарсыластары да автобустармен келген.

Украина билігін сынап жүрген Михаил Саакашвилиді жақтайтындар оны ел азаматтығынан айыруды оппозициялық саясаткерді президент Петр Порошенконың "саяси жазалуы" деп атайды. Саакашвили қыркүйектің 10-ы күні шетелден Украинаға оралып, өзін азаматтықтан айырған билікті сотқа беретіні туралы мәлімдеген.

Грузия үкіметі 2015 жылғы желтоқсанның 4-і күні экс-президент Михаил Саакашвилиді грузин азаматтығынан айырған болатын.

XS
SM
MD
LG