Accessibility links

Мирзияев жас ғалымдардың ислам орталығын ашуды ұсынды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Астана, 23 наурыз 2017 жыл.

Өзбекстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар жөніндегі саммитін үш жылда бір рет өткізіп тұруды ұсынады және 2020 жылы келесі жиынды өткізуге дайын. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан аталған ұйымның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мәлімдеді деп хабарлайды Қазақпарат агенттігі.

Сонымен бірге Мирзияев жас ғалымдардың халықаралық ислам орталығын ашып, мұсылман әлеміндегі ғылыми жетістіктері үшін арнайы награданы тағайындауды ұсынған. Оның айтуынша, әлгіндей орталықты білім мен тәжірибе ошағына айналдырып, онда бірлескен зерттеулер жүргізуге болады. Мирзияев Өзбекстанда ғұлама Әл-Хорезмиге арнап жас математиктердің халықаралық олимпиадасын ұйымдастыру туралы да ұсыныс жасаған.

Бұған қоса президент Мирзияев жасыл энергетика саласында ғылымды дамыту қажеттігін айтты.

"Балама қуат көздерін пайдалану біз үшін ерекше маңызды. Біз ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға әзір екенімізді білдіреміз", - деген ол.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан ИЫҰ-ның ғылым мен технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің жұмысы екі күнге жалғасады. Оған ИЫҰ-ға мүше елдерден, халықаралық және аймақтық ұйымдардан 80-ге жуық делегация қатысып отыр.

1969 жылы қыркүйекте негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымына қазіргі кезде 1,5 миллиардқа жуық адамды қамтитын 57 ел мүше.

XS
SM
MD
LG