Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы сарай алаңында Мьянма мұсылмандарын қолдау үшін рұқсат етілмеген акцияға қатысуға келген 130-дан астам адамды полиция ұстаған. Бұл туралы құқық органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасап "Фонтанка" басылымы хабарлады.
Полиция ұсталғандарға қарсы митинг өткізу ережесін бұзу және полицияға қарсылық көрсету баптары бойынша хаттамалар толтырылған. Акцияға барлығы 200-ге жуық адам қатысқан.
Бұған дейін, қыркүйектің 3-і күні Мәскеудегі Мьянма елшілігі алдында рохинджа мұсылмандарын қолдау жөнінде рұқсат етілмеген акция өткен кезде полиция оған араласпай, сырттай ғана бақылаған еді. Ол акцияға дейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров әлеуметтік желіде жариялаған постында рохинджа мұсылмандарына қарсы зорлық-зомбылықтың өршуіне байланысты Мьянма билігін сынаған.
Мәскеу билігі қыркүйектің 8-інде Мьянма елшілігі алдында рохинджа мұсылмандарын қолдау акциясын өткізуге рұқсат беруден бас тартқан.