АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы, Демократиялық партиядан президенттікке кандидат болған Хиллари Клинтон енді қайтадан президент сайлауына түспейтінін, бірақ саясаттан қол үзбейтінін мәлімдеді.
CBS телеарнасының Sunday Morning бағдарламасында сөйлеген Клинтон "Белсенді саясаткер ретіндегі карьера аяқталды. Енді кандидат болмаймын" деді.
Бірақ ол "Саясаттан ажыраған жоқпын, себебі мен еліміздің болашағына қауіп төніп тұр деп ойлаймын" деді.
Хиллари Клинтон 2016 жылы өткен президент сайлауында жеңістен басты үміткер саналғанына қарамастан Республикашыл партия кандидаты Дональд Трамптан жеңіліп қалған.
Ол бағдарламада сайлаудағы жеңілісі әлі жанына бататынын айтты.
Клинтон What Happened деп аталатын кітабын таныстыру үшін жиі сұхбат беріп жүр. Ол кітабында Трамптан жеңіліп қалғанын мойындағанымен, жеңілісіне Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуі де ықпал еткенін мәлімдейді.
69 жастағы Клинтон бұған дейін мемлекеттік хатшы, оның алдында сегіз жыл Нью-Йорк штатынан сенатор болып қызмет атқарған.