Accessibility links

БҰҰ Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкцияны бекітті


Гонконгке жақын Лантау аралында тұрған Солтүстік Кореяның жүк тасымалдайтын кемесі (Көрнекі сурет).

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 11 қыркүйекте Пхеньянның 3 қыркүйекте алтыншы рет және өте қуатты ядролық сынақ жасағаны үшін Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны күшейтетін қарарды қолдап дауыс берді. Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша, Солтүстік Кореядан текстиль өнімдерін импорттауға және шикі мұнай сатуға тыйым салынады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2006 жылдан бері Солтүстік Кореяның ядролық қару және баллистикалық зымыран жасау бағдарламаларына қарсы санкция салатын осымен тоғызыншы рет қарар қабылдап отыр.

Агенттіктердің БҰҰ дипломаттарына сілтеме жасап хабарлауынша, АҚШ қарарды Ресей мен Қытайдың қолдауы үшін әуелгі қарар жобасындағы талаптарын біраз жұмсартқан. АҚШ алғашқы жобадағы Солтүстік Кореяға мұнай сатуға толықтай эмбарго қою және осы ел басшысы Ким Чен Ынның активтерін бұғаулаудан бас тартқан. Соңғы қабылданған қарарға Корей түбегіндегі текетіресті "бейбіт, дипломатиялық және саяси жолмен шешуге" шақырған сөйлем қосылған.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли қабылданған шаралар нәтижесінде Пхеньян жыл сайын кем дегенде 800 миллион доллар табыстан айырылатынын айтты.

Текстиль Солтүстік Корея көмір мен басқа да минералды ресурстардан кейінгі екінші ірі экспорт өнімі саналады. Корей сауда және инвестицияға септесу агенттігінің (KOTRA) мәліметінше, 2016 жылы текстильден түскен табыс 752 миллион долларды құраған. Солтүстік Корея экспорттайтын текстильдің 80 пайызға жуығы Қытайға жөнелтіледі.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG