Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында 21 жылға бас бостандығынан айырылып, оған қоса "экономикалық қылмыстар жасағаны үшін" үстінен тағы қылмыстық іс қозғалған бизнесмен Тоқтар Төлешовпен бірге айыпталған сегіз адамның төртеуінің ісі жеке-жеке қаралатын болды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін өткен сот отырысында судья Мырзалы Жорабаев мәлім етті.
- Прокурордың Еңбекші аудандық салық басқармасының төрт қызметкеріне таққан айыбы сотта істі қарау кезінде анықталған жайттарға байланысты 366-баптан 361-бапқа алмастырылды. Осыған байланысты сотталушылар Ольга Аллакулиева, Светлана Лукина, Мадияр Мұсаев, Алексей Носковтың ісі жеке-жеке сот тергеуінде қаралады. Сондықтан аталған азаматтар мен олардың адвокаттары сот залынан шығуын сұраймын, - деді судья Мырзалы Жорабаев.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері – бөлім басшысы Гүлжан Бексейітова, бөлім басшысының орынбасары Самат Алдабергенов пен бас мамандар Нұржан Қарақожаев және Құрмаш Омаровтың ісі Төлешовтың ісімен бірге қаралатын болды.
Сот отырысында Гүлжан Бексейітованың адвокаты талап-тілек түсіріп, судьядан істі 361-баптың 1-бөлігі бойынша қарап, тағылатын айыпты рақымшылық заңымен жеңілдетіп, қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Оқыңыз: Төлешов мүлкі тәркіленіп, 21 жылға сотталды
Шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов пен оның "сегіз сыбайласының" үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы 10 шілдеде басталған. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.