Accessibility links

БҰҰ өкілі: Қазақстанда 15 мың мүгедек оқшау өмір сүреді


Каталина Девандас Агилар, БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы арнайы баяндамашысы. Астана, 12 қыркүйек 2017 жыл.
Каталина Девандас Агилар, БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы арнайы баяндамашысы. Астана, 12 қыркүйек 2017 жыл.

БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилар мүгедектер тұратын мекемелерде зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктер болатыны туралы өзіне шағым түскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада Қазақстанға ресми сапарының соңғы күні өткізген баспасөз конференциясында айтты.

- Мүгедектер құқығын қорғау жөніндегі конвенцияға сай мүгедектердің қоғамда өз бетімен өмір сүруіне құқығы бар. Бірақ бұл дегеніміз іс жүзінде үлкен проблема. Елде балалар мен ересектері бар - жалпы саны 15 мың мүгедек жан оқшауланған мекемелерде өмір сүреді және олардың қоғаммен ешқандай байланысы жоқ. Мұндай мекемелерде мүгедектерге қатысты зорлық-зомбылық пен оларды деградацияға әкеліп соқтыратын қарым-қатынас жиі болады. Маған осыған қатысты шағымданды, - деді Каталина Девандас Агилар.

Оның пікірінше, мүгедектерге арналған жаңадан мекемелер мен ғимараттар салуды жалғастыру мүлдем дұрыс емес.

- Мен үкіметке ондай мекемелерге жаңа пациентті қабылдауға мораторий енгізуді және ол мекемелерді жауып, мүгедектерге қоғам болып қолдау көрсетудің нақты жоспарын жасауды ұсынамын. Оқшауланған мекемелерде тұру ешқашан да жеңілдік немесе әлеуметтік көмек көрсету болып қарастырылмауы тиіс, - деді Каталина Девандас Агилар.

БҰҰ баяндамашысы 4 қыркүйектен бастап тоғыз күн бойы Алматы мен Астанада бірқатар мекемелерге барып, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, білім және ғылым министрлігі, қаржы министрлігінің өкілдерімен, түрлі департаменттердің шенеуніктерімен және белсенділермен кездесті. Ол келесі жылы наурызда Женевада Қазақстан бойынша баяндамасын ұсынуды жоспарлап отыр. Ол бұл жолғы сапарынан мүгедектер құқығын қорғауға қатысты түйгендерін әзірге алдын-ала тұжырым деп санайды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG