Accessibility links

Шымкент соты белсендіні айыптаған тұрғынды ақтады


Азаматтық белсенді Ибраһим Әлсерке. Шымкент, 3 мамыр 2016 жыл.

Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты жергілікті азаматтық белсенді Ибрахим Әлсеркенің қала тұрғыны Дәурен Аймамбетовтің үстінен түсірген азаматтық шағымы бойынша үкім шығарды.

Facebook парақшасына Әлсеркенің "жер митингісіне байланысты әкімдіктен ақша алғаны туралы" жазған Дәурен Аймамбетовтің үстінен қылмыстық кодекстің 130-бабы 3-бөлігімен іс қозғалған еді. Бүгін судья Еркін Оспанов "жазбада қылмыстық құрам болмағандықтан" айыпталушыны ақтады.

Бірақ шағымданушы Ибрахим Әлсерке соттың бұл шешімімен келіспейді.

"Дәлел-айғағымыздың бәрін келтірдік. Бірақ судья оны жала деп есептемеді. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Апелляциялық шағым түсіреміз" деді Ибрахим Әлсерке.

Оның айтуынша, бұл сотта Дәурен Аймамбетовтен Facebook парақшасы арқылы кешірім сұрауды талап еткен. Әлсерке енді материалдық және моральдық шығын да талап ететінін айтады.

Ал Дәурен Аймамбетов Ибрахим Әлсеркеден кешірім сұрағанын, бірақ оның кешірім бермегенін айтты.

Ибрахим Әлсерке "2016 жылы 21 мамыр күні Шымкентте жер мәселесіне қатысты митинг болатыны туралы хабар таратқаны" үшін былтыр бірнеше адаммен бірге 15 тәулікке қамалып шыққан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG