АҚШ 2015 жылғы ядролық келісімге сай Иранға салынған санкцияларын жеңілдетіп жатыр. Әлемдік алты держава, оның ішінде АҚШ-тың Иранмен жасасқан келісімі бойынша, Тегеран ядролық бағдарламасын барынша шектеп, есесіне Иранға салынған халықаралық санкциялар біртіндеп жойылады.
14 қыркүйекте АҚШ Мемлекеттік департаменті нақты қандай шектеулердің жойылатынын хабарлаған жоқ.
Президент Дональд Трамп Иранмен жасалған келісімді бұдан ары да орындай бере ме деген мәселе де белгісіз болып отыр.
Трамп сайлауалды кампанясында Тегеранның "ядролық келісім негізін бұзып отырғанын" бірнеше рет мәлімдеп, келісімді қайта қарауы мүмкін екенін айтқан болатын. Ал АҚШ қаржы министрлігі ирандық 11 азамат пен компанияға қарсы жаңа санкциялар салды. АҚШ қаржы министрлігінің сайтында АҚШ-тың банк жүйесіне жасалған кибершабуылдарға қатысы бар және зымыран бағдарламасын дамытуды қолдайды делінген жеке тұлғалар мен компанияларға санкция салынғаны айтылады.
Сонымен қатар АҚШ санкциясына іліккен ирандық және ирактық әуе компанияларымен жұмыс істескен Украинаның екі әуе компаниясына да санкция салынған.
Санкцияға іліккендердің АҚШ-тағы барлық активтері бұғауланып, ал АҚШ азаматтарына олармен іскерлік байланыс орнатуына тыйым салынған.