Accessibility links

АҚШ Ресей мен Қытайды Пхеньянға шара қолдануға шақырды


Сеулде Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран атқаны туралы хабарды қарап тұрған адам. Оңтүстік Корея, 15 қыркүйек 2017 жыл.
Сеулде Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран атқаны туралы хабарды қарап тұрған адам. Оңтүстік Корея, 15 қыркүйек 2017 жыл.

АҚШ Қытай мен Ресейді Солтүстік Кореяны тежейтін "тікелей әрекет" жасауға шақырды. Солтүстік Корея 15 қыркүйекте Жапонияға қарата баллистикалық зымыран атқан. Осымен екінші рет атылған зымыран Жапония әуе кеңістігімен ұшып, солтүстігіндегі Хоккайдо аралына түсті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Солтүстік Кореяға жеткізілетін мұнайдың көбін Қытай тасымалдайтынын, ал Ресей Солтүстік Кореядан шыққан жұмысшылар мәжбүрлі еңбекке тартылатын ең ірі нарық болып отырғанын мәлімдеді.

"Қытай мен Ресей өз бетімен зымыран ұшыра беретін мұндай парықсыз әрекеттерге төзе алмайтынын көрсетуі тиіс" деді Тиллерсон.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі зымыран ұшырылуына қатысты шұғыл жиын өткізуді жоспарлап отыр.

Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Солтүстік Корея зымыранның максималды ұшқан биіктігі 770 километрге жетіп, 3700 километр қашықтықты ұшып, Хоккайдо аралына жақын Тынық мұхитына түскен.

Пентагон Пхеньянның бұл жолы орта қашықтықтағы баллистикалық зымыран ұшырғанын және оның Солтүстік Америкаға немесе АҚШ-тың Тынық мұхитының Гуам аралындағы әскери базасына қауіп төндірмейтінін мәлімдеді.

Бірақ Жапонияда зымыран ұшып өткен кезде сиреналар мен дабыл сигналдары іске қосылып кеткен. АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттистің айтуынша, миллиондаған адам паналайтын жер іздеп кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG