Accessibility links

Белсенділер Шымкент әкіміне "алғыс" хат тапсырды


Белсенді Сүйін Абулда Шымкент қаласы әкімдігінің алдында тұр. 15 қыркүйек 2017 жыл.
Белсенді Сүйін Абулда Шымкент қаласы әкімдігінің алдында тұр. 15 қыркүйек 2017 жыл.

Шымкентте жұмада белсенділер қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қалада тариф бағасын көтеруге жол бергені үшін "алғыс" хат тапсырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Шымкент қаласы әкімдігінің алдына келген белсенділер Сүйін Абулда пен Данияр Байтілеу қала әкіміне дайындап келген "алғыс" хаттың мәтінін оқып берді. Онда Ғабидолла Әбдірахымовтың "жылу бағасы қатты көтеріліп, қоғамдық дауға ұласса да үн қатпай шетте қалғаны", "судың бағасы қымбаттаса да алаңдамағаны" жазылған.

"Шымкенттіктер биылғы қыстан қалай шығатыны белгісіз. Жылу орталығы қарызға белшесінен батқан. Жұмыс істеуі, істемеуі екіталай болып тұр. Қазақстан тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойы қарсаңында халқыңызға ұсынған осы үлкен жетістігіңіз үшін сізге зор алғысымызды білдіріп, марапат қағазбен құттықтауға рұқсат етіңіз, - деді белсенді Сүйін Абулда.

Белсенділер қала әкіміне арнап жазған "алғыс" хатын қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюповқа табыстады. Апарат басшысы хатты оқып болған соң "Бұл не? Популяция ма? Азамат ретінде қабылдауына жазылмадың ба?" деп хатты қабылдап алды.

Белсенді Сүйін Абулда мен Данияр Байтілеу қала әкіміне арнаған алғыс хатын оқып, тапсырғанша полицейлер сырттан бақылап тұрды. Белсенділер қала әкімдігі аумағынан кеткеннен соң олар да тарасты.

XS
SM
MD
LG