Accessibility links

AI: Мьянмадағы жағдай - этникалық тазалау


Ракхайн штатындағы рохинджа тобы өкілдерінің өртенген үйлерінің орны. Мьянма, 12 қыркүйек 2017 жыл.
Ракхайн штатындағы рохинджа тобы өкілдерінің өртенген үйлерінің орны. Мьянма, 12 қыркүйек 2017 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Мьянма қауіпсіздік күштерінің мұсылман рохинджалар тұратын ондаған елді мекенді "ұдайы өртеп тұру" кампаниясын ұйымдастырған болуы мүмкін екенін көрсететін мәліметтер жинағанын мәлімдеді.

AI мәлімдемесінде ол кампанияны "этникалық тазалау" деп атайды. "Жиналған мәліметтер бұлтартпайды" деді ұйымның дағдарысты жағдайларға жауап беру бойынша директоры Тирана Хассан Мьянмадағы гуманитарлық жағдай жайлы.

"Мьянма қауіпсіздік күштері солтүстіктегі Ракхайн штатында мұсылман рохинджаларды елден тықсырып шығару кампаниясын саналы түрде іске асырып отыр. Бұл - этникалық тазалау" деді Тирана Хассан.

Оның сөзінше, бұл аймақта билікті теріс мақсатта пайдалану айқын көрініп тұр. "Қауіпсіздік күштері қандай да бір елді мекенді қоршайды, дүрлігіп жан-жаққа қашқан адамдарды атады да, үйлеріне от қойып, өртеп жібереді. Заң бойынша, бейбіт тұрғындарға әлсін-әлсін шабуылдап, күштеп депортациялау - адамзатқа қарсы қылмыс" деді Тирана Хассан.

Amnesty International жинаған мәліметтері өрт туралы ақпараттарды зерттеу, спутниктен түсірілген суреттер, оқиға орындарынан жиналған суреттер мен видеолар және Мьянма мен Бангладештегі ондаған куәгерден алынған сұхбаттардан құралатынын айтады.

БҰҰ мәліметі бойынша, 25 тамызда рохинджа жасақтары Мьянма қауіпсіздік күштерінің бекетіне шабуыл жасағаннан бері рохинджа тобының кем дегенде 400 мың адамы Бангладешке бас сауғалап қашқан. Мьянма әскерилері елді мекендердің өртенуін рохинджа жасақтарына жабады.

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш те бұған дейін рохинджа өкілдерін қудалауды "этникалық тазалау" деп атап, Мьянма билігін Ракхайн штатындағы операцияны тоқтатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG