Accessibility links

Шенеуніктің журналист Таукинаға шағымы қайта қарала бастады


Журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукина Бостандық аудандық сотында отыр. Алматы, 15 қыркүйек 2017 жыл.
Журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукина Бостандық аудандық сотында отыр. Алматы, 15 қыркүйек 2017 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында 15 қыркүйекте Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуовтің журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукинаға қарсы шағымы бойынша сот процесі қайта басталды.

10 тамызда Алматының апелляциялық соты Бостандық аудандық сотының 9 маусымда Бейсеуовтің Таукинаға шағымын қарамау туралы ұйғарымын жойып, істі алғашқы инстанцияның қайта қарауына жолдаған.

Жаңа сот процесін судья Аида Әбілмәжінова жүргізіп жатыр. Жауапкер Розлана Таукина процеске екі қорғаушысы - адвокаты Маржан Аспандиярова және қоғамдық қорғаушысы Ғалия Әженовамен қатысып жатыр. Шағымданушы Ермек Бейсеуов пен оның өкілі Сәния Аңлауысова бүгінгі сотқа қатысқан жоқ. Бейсеуовтің сотқа білдірген талап-арызында шенеуніктің қолы бос емесі, ал адвокатының жарақат алып қалғаны айтылған. Бейсеуов осыған байланысты соттан талап-арызын өзі мен адвокатының қатысуынсыз қарауды сұрайды.

Бүгінгі сот отырысында судья Әбілмәжінова журналист Таукинаға шағымға қатысты екі нұсқаны - соттан шағымды қараудан бас тартуды, я шағымды қанағаттандырудан бас тартуды сұрауды ұсынды. Таукина мен оның өкілдері шағымды қанағаттандырудан бас тартуды сұрайтынын айтты. Олар сонымен қатар соттан шағымданушыдан сотқа қатысуын талап етуді сұрады. Судья Әбілмәжінов ол талап-арызды қанағаттандырып, келесі сот отырысын 21 қыркүйекке қалдырды.

Ермек Бейсеуов өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қорғау туралы" шағымында соттан 2016 жылы 20 қыркүйекте Rezonans.kz сайтында жарияланған "Дом с химерами" деген тақырыптағы мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұраған. Шенеунік сонымен қатар жауапкер Таукинаны өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қаралайтын" мәліметті терістеуге міндеттеуді талап еткен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG