Accessibility links

Сирия бейбіт келіссөзіндегі гарант елдер Ресей, Иран және Түркия Сирияның солтүстігінде төртінші деэскалация аймағын құру туралы келісім жасасты. Бұл туралы жұма күні түстен кейін Астанада аяқталған келіссөзді қорытындысы бойынша жиында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Әбдірахманов жиында гарант елдердің атынан жасалған мәлімдемені оқып берді.

Мәлімдемеде Сирияның Идлиб провинциясы мен оған көршілес Латакия, Хама және Алеппо провинциясының белгілі бөліктерінде төртінші деэскалация аймағы құрылып, қауіпсіздік сызықтары пайда болатыны айтылған. Бұған дейінгі келіссөзде шығыс Гута аймағы, Алеппо провинциясының солтүстік бөлігінде, Сирияның оңтүстік бөлігіндегі белгілі бір аудандарда үш деэскалация аймағын құру туралы келісім жасалған болатын.

Тараптар деэскалация зоналары мен қауіпсіздік сызықтары уақытша, алты ай мерзімге құрылатынын және өзара келісіммен ұзаруы мүмкін екенін айтады.

Идлиб провинциясы мен оған көршілес провинцияларда құрылған жаңа деэскалация аймағын гарант елдердің қауіпсіздік күштері бақылайды.

Тараптар деэскалация аймақтарын құру "Сирияның егемендігін, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын бұзбайтынын" айтады.

Астанадағы келіссөзге Ресей делегациясын Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия мен Иран делегацияларын сол елдердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Седат Онал және Джабер Ансари бастап келді. Астанаға сонымен қатар БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура, АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс аймағы бойынша көмекшісінің міндетін атқарушы Дэвид Саттерфилд, Иордания сыртқы істер министрінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Науаф Уасфи Тель де келді. Мұның алдында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Астанаға келіссөзге қатысушы барлық тарап келді. Сирия қарулы оппозициясының түрлі топтарының атынан 24 адамнан тұратын өкілдері де келді" деп хабарлаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG