Accessibility links

Украинаның бұрынғы әділет министрі екі айға тұтқындалды


Украинаның бұрынғы әділет министрі Александр Лавринович. Киев, 14 қыркүйек 2017 жыл.
Украинаның бұрынғы әділет министрі Александр Лавринович. Киев, 14 қыркүйек 2017 жыл.

Киев соты "конституциялық төңкеріс ұйымдастыру" айыбы тағылған Украинаның бұрынғы әділет министрі Александр Лавриновичті екі айға қамау туралы шешім шығарды. Осы іс бойынша қазір Ресейде тұрып жатқан Украинаның экс-президенті Виктор Януковичке де айып тағылған.

Украина бас прокуроры Юрий Луценконың сөзінше, айыпталушылардың іс-әрекеті "Украина парламенті мен үкіметінің ролі және өкілеттігін тарылту есебінен президенттің өкілеттігін конституциялық емес жолмен кеңейту арқылы мемлекеттік билікті басып алуға" алып келген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Лавринович Януковичтің билікті озбырлықпен басып алуына қатысы барын жоққа шығарып, өзін Украинаның "ескі, қылмыстық режимімен күресті жалғастырып" жатқан етіп көрсететін қазіргі биліктің "оңай нысанасына" айналғаны туралы айтқан.

Тергеу болжамы бойынша, 2010 жылы Николай Азаров басқарған үкімет құрамында әділет министрі болып тұрған кезде Лавринович ескі редакциядағы Конституцияны, Жоғарғы Рада депутаттарының мақұлдауынсыз, мемлекеттік басылымдарда ресми жариялауға рұқсат еткен.

Янукович 2010 жылы президент болып сайланғаннан кейін Конституциялық сот 2004 жылғы реформаның күшін жойған. Осылайша, парламенттік-президенттік басқарудың орнына президенттік-парламенттік билік түрі белгіленген 1996 жылғы Украина Конституциясы қайта қолданысқа еніп, президент өкілеттігі кеңейтілген.

XS
SM
MD
LG