Accessibility links

АҚШ Ирак Күрдістанын тәуелсіздік жайлы референдумнан бас тартуға шақырды


Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі туралы референдум өткізуге шақырған жазу ұстап тұрған ер адам. Ирбил, 26 тамыз 2017 жыл.
Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі туралы референдум өткізуге шақырған жазу ұстап тұрған ер адам. Ирбил, 26 тамыз 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Ирак Күрдістаны басшылығын 25 қыркүйекке белгіленген тәуелсіздік туралы референдумнан бас тартуға шақырады. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс мәлімдеме жасады.

Мәлімдемеде аталған референдумды өткізу «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобын жеңуге және жихадшылардан азат етілген аудандардағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған іс-қимылдардан назарды басқаға бұратындығы айтылған. Ақ үй Күрдістан басшылығын референдум өткізуден бас тартып, Бағдатпен жүйелі диалог жүргізуге шақырған. АҚШ күрд автономиясы мен Ирак билігі өкілдері арасындағы келіссөздерге арағайындық жасауға әзір екенін білдірген.

15 қыркүйекте Ирактың Күрдістан аймағының парламенті 25 қыркүйекте тәуелсіздік туралы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған. Референдум өткізу идеясына Ирактың Күрдістан аймағымен қоса даулы жерлердегі күрдтер қоныстанған аймақтарда да қолдау білдірген. Ирак билігі заңына қайшы келетінін айтып, референдум өткізуге қарсы болып отыр. Бағдад күрд автономииясы жеткілікті дәрежеде егемендікке ие деп санайды.

Ирактың солтүстік-шығысында орналасқан Күрдістан аймағы елдің құрамында кең өкілеті бар автономия мәртебесіне ие, Ирак конституциясында күрдтердің құқығы бекітілген. Ирактағы Күрд автономиясының дербес валютасы, мемлекеттік шекарасы және шекара бақылауы бар.

Иракта күрд автономиясын жариялау Түркияның қарсылығына тап болуы ықтимал. Анкара ұзақ жылдардан бері ел ішіндегі күрд қарулы құрылымдарына, оған қоса Сирия аумағындағы күрдтердің өзін-өзі қорғау жасағына қарсы күрес жүргізіп келеді. Түркия қарулы күштері Ирактың солтүстігіндегі күрд лагерлеріне әлсін-әлсін соққы береді. Түркия президенті Режеп Ердоған Анкара даулы рефередумға жауап шаралары туралы 22 қыркүйекте жариялайды деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG