Accessibility links

Ресей құрамындағы Башқұрстан республикасының астанасы Уфа қаласында сенбі күні башқұрт тілін қолдауға арналған шеру өтті. Оған республиканың әр өңірінен келген белсенділер, башқұрт тілінің мұғалімдері, жазушылар, "Башкорт", "Башқұрт халқының конгресі" ұлттық ұйымдарының өкілдері қатысты.

Уфа қалалық мэриясы митингі өткізу белгіленген күні қаланың барлық алаңдарында басқа шаралар жоспарланғанын алға тартып, ұйымдастырушыларға башқұрт тілін қолдау шеруін өткізуге рұқсат беруден бас тартқан. Білім министрлігі жергілікті әкімшіліктерге жолдаған хатта 16 қыркүйекте башқұрт тілі мұғалімдеріне арналған "әдістемелік күнін" өткізу ұсынылған. Митинг өтерден бір күн бұрын "Башкорт" ұлттық ұйымының жетекшілері телефон номерлері мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарына хакерлік шабуылдар басталғаны, аудандардағы белсенділерін құқық органдарына шақыртып, "экстремистік іс-әрекетке бармау" туралы ескертулер берілгені туралы хабарлаған. Бірақ, биліктің қарсылығына қарамастан, сенбі күні Уфадағы башқұрт тілін қолдау шеруіне екі мыңға жуық адам жиналды дейді бақылаушылар.

Митингіде сөйлегендер биліктен мектептерде башқұрт тілін мемлекеттік тіл ретінде міндетті түрде оқытуды қамтамасыз етуді және бұған дейін мектептерде "шенеуніктердің қысымымен заңсыз қысқартылған" башқұрт тілін оқытуға арналған сағаттарды бұрынғы көлеміне қайтаруды талап еткен. Жиынға қатысушылардың арасында башқұрт тілінің мұғалімдері көп болды. Олар прокуратура органдарының мектептерде башқұрт тілі қаншалықты ерікті түрде оқытылып жатқаны жөнінде тексеру жүргізгеніне наразылықтарын білдірді. Жиында сөйлегендердың айтуынша, биліктің әлгіндей іс-әрекеттерінен кейін мектептерде башқұрт тілі мұғалімдерін жаппай қысқарту басталған.

Уфадағы башқұрт тілін қолдау шеруі туралы видео:

Башқұрт тілін қорғау акциясында сөйлегендердің түгелге дерлігі республика басшысы Рүстем Хамитов пен Башқұрстанның білім министрі Гүлназ Шафикованың отставкаға кетуін талап етті. Башқұрт ұлттық ұйымдары оларды елдегі башқұрт тілінің аянышты жағдайына негізгі кінәлілер деп санайды.

Сонымен бірге Уфадағы жиында "мемлекеттік билік және жергілікті өзін өзі басқару органдарында, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда башқұрт тілі орыс тілімен бірдей қолданыста болуын қамтамсыз ету" туралы талап қойылды.

Митинг аяқталған соң оны ұйымдастырған "Башкорт" ұлттық ұйымының жетекшісі Фаил Алсынов, Юлай Аралбаев және Айнұр Ишкилдинді полиция ұстап әкетіп, бірнеше сағаттан кейін босатқан.

Бейсенбі күні Башқұртстан республикасының басшысы Рүстем Хамитов елдегі мектептер оқушыларының 75 пайызынан астамы республиканың мемлекеттік тілі ретінде башқұрт тілін оқуды өз еріктерімен таңдаған деп мәлімдеген болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG