Accessibility links

Назарбаев Өзбекстанға сапарын "тарихи сапар" деп атады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен қысқа мерзімде осымен алтыншы рет жүздесіп отырғанын "стратегиялық серіктестік пен екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамуының жарқын мысалы" деп сипаттап, Өзбекстанға осы жолғы мемлекеттік сапарын "тарихи сапар" деп атаған. Бұл туралы ол сенбі күні Ташкентте БАҚ өкілдері үшін брифинг кезінде мәлімдеді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

- Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын да өткізу күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп, олар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді, – деген Назарбаев.

Назарбаев екіжақты қатынастарды жандандыру өзара тауар айналымына оң ықпал еткенін, биылғы 7 айдың ішінде екіжақты сауда 35 пайызға өскенін атап өткен.

– 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылды, – деген Назарбаев.

Ол Мирзиявпен кездесуде "бүкіл Орталық Азия өңірінің одан әрі дамуы үшін айрықша маңызға ие" су мәселесін талқылағанын айтып, 2018 жылы Арал теңізі мәселесіне арналған аймақ елдерінің қатысуымен жоғары деңгейде кездесу өткізуге ниетті екендерін жеткізген.

Назарбаев Ташкенттегі келіссөздер барысында аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайға байланысты өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты пікір алмасқанын хабарлаған. Мемлекет басшылары жақында Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті қорытындыларын, сондай-ақ Ташкенттің осындай саммиті Өзбекстанда өткізу туралы бастамасын талқылаған.

Назарбаевтың мемлекеттік сапары кезінде Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдап, екі елдің үкіметтері Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты экономикалық құжаттарға қол қойған.

Назарбаев Өзбекстанда президент ауысқалы көрші елге алғаш рет мемлекеттік сапармен барды. Биыл наурыз айында Өзбекстан президенті Мирзияев Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген болатын.

XS
SM
MD
LG