Accessibility links

Украина армиясы: Донбаста ұшқышсыз аппарат құлаған


Украиналық сарбаз Киев маңындағы әскери жаттығу кезінде. 21 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Украиналық сарбаз Киев маңындағы әскери жаттығу кезінде. 21 қазан 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Украиналық әскерилер Донбасқа құлаған ресейлік пилотсыз аппарат табылғаны туралы мәлімдеді. Киевтің дерегі бойынша, "Орлан-10" аппараты Донецк облысында "техникалық ақауға" байланысты құлағанға ұқсайды. Украина армиясының басшылығының айтуынша, әдетте сепаратистер "Орлан-10" аппаратын артиллериялық қарудан атқылаған кезде нысананы нақтылау үшін пайдаланады. Болжам бойынша, Ресейден әкелінетін пилотсыз аппараттың бағасы 5-7 миллион рубль тұрады.

Украина жағының мәлімдеуінше, Донбаста соңғы тәуліктің ішінде сепаратистер оқ атпау режимін 35 рет бұзған. Өзін-өзі жариялап алған "халық республикаларының" қарулы жасақтары украин әскерилерінің позицияларын минометтер мен гранатометтерден атқылаған, қаза тапқандар туралы дерек жоқ.

"Донецк халық республикасы" өкілдері болса, украин армиясы 50 шақты рет атқылады деп мәлімдейді. Ресейшіл сепаратистердің сөзінше, украин әскерилері атқан қару оғының жарықшағы Донецкіде бейбіт тұрғынды жаралаған.

Украинаның шығысында үш жылғы соғыс барысында үш мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Киев пен Батыс елдері сепаратистерге қолдау танытып отыр деп Мәскеуді айыптайды. Украина бас штабының мәліметі бойынша, өз-өзін жариялап алған "халық республикалары" жағында 40 мың адам соғысып жүр, соның арасында бес мыңға жуық ресейлік кәсіби әскери қызметкер бар. Мәскеу бұл айыптарды ресми түрде мойындамайды.

XS
SM
MD
LG