Accessibility links

Ашғабатта Азия ойындары басталды


Түркіменстан астанасында жабық залдағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындары басталар қарсаңда түсірілген сурет.
Түркіменстан астанасында жабық залдағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен Азия ойындары басталар қарсаңда түсірілген сурет.

Түркіменстан астанасында бүгін жабық залдағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен бесінші Азия ойындары басталды. Оның ашылу салтанаты осынау халықаралық жарысқа арнайы салынған, 45 мың адам сиятын Olympic Stadium стадионында өтіп жатыр. Азия ойындарының ашылуы рәсіміне қатысу үшін Ашғабатқа Армения, Ауғанстан, Қазақстан, Молдова, Пәкістан, Тәжікстан, Татарстан мен Өзбекстан президенттері, сонымен бірге Ресейдің федерация кеңесінің басшысы Валентина Матвиенко барды деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі.

Бас-аяғы 11 күнге жалғасатын Азия ойындарын өткізуді Түркіменстанның авторитарлы президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов елдің аймақтағы жетістігінің мысалы ретінде пайдаланып қалғысы келетін сыңайлы. Түркіменстан тәуелсіздігін жариялағалы бері бұған дейін мұндай көлемдегі халықаралық шара өткізбеген. Жабық залдағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен бесінші Азия ойындарына дайындық үкіметтің алдына қойылған басты шарасы болды, бұл мақсатқа миллиардтаған доллар қаржы жұмсалды. Әдетте туристер үшін жабық ел болып келген Түркіменстанға бұл жолы ондаған мың турист келмекші.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жарысқа 62 елден 5,5 мыңнан аса спортшы қатысады. 13 жасар жүзгіш Жахан ара Наби жабық залдағы спорт және жауынгерлік өнер түрлерінен бесінші Азия ойындарына қатысатын ең жас спортшы ретінде пәкістандық 13 жасар жүзгіш Жахан ара Набидің есімі аталып отыр.

Ашғабатта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен жүр, ол бүгін Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен кездескен.

XS
SM
MD
LG