Түркия қамаудан босатқан француз журналисі Лу Бюро жексенбі күні Францияға оралды. Париждің Шарль де Голь атындағы әуежайында оны туыстары және достарымен бірге Франция мәдениет министрі Франсуаза Ниссен қарсы алған.
Отанына оралған Лу Бюро өзін жеңіл сезінетінін әрі шаршағанын айтқан. Ол тұтқында болған кезінде өзіне физикалық қысым көрсетілмегенін, алайда қоқан-лоқы жасалғанын растаған. Журналистің сөзінше, Франция президенті Эммануэль Макрон Түркия билігінен Лу Бюроны босатуды талап еткеннен кейін, тұтқында ұстағандардың оған деген қарым-қатынасы өзгерген.
Лу Бюро Түркияда 51 тәулік қамауда болған. Түрік билігі тамыздың 26-сы күні телефонынан күрдтердің "Өзін-өзі қорғау халық жасағы" қозғалысының қарулы мүшелерімен бірге түскен суреті табылған журналисті террорлық іс-әрекетке қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тұтқындаған. Түркия билігі аталған қозғалысты террорлық ұйым деп санайды.