Accessibility links

Ресей Сириядағы әуе соққысы жайлы Пентагонға жауап берді


ИМ тобына қарсы әскери операция жүріп жатқан Сирияның Дейр-әл-Зор қаласы. 13 қыркүйек 2017 жыл.
ИМ тобына қарсы әскери операция жүріп жатқан Сирияның Дейр-әл-Зор қаласы. 13 қыркүйек 2017 жыл.

Ресей қорғаныс министрлігі Сирияның Дейр-әл-Зор қаласы ауданындағы операциясы туралы АҚШ-ты алдын ала ескерткені туралы мәлімдеген. Ресейлік ұшақтардың оппозициялық "Сирия демократиялық күштері" позицияларына соққы бергені туралы Вашингтонның айыптауына Мәскеу осылайша жауап берді.

Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы генерал-майор Игорь Конашенковтың Сирияда ресейлік әскери ұшақтар "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық тобы бақылайтын аудандардағы нысаналарға дәлдеп соққы береді деп мәлімдегені туралы ВВС хабарлаған.

Пентагон сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға сенбі күні Ефрат өзенінен шығысқа қарай, Дейр-әл-Зор қаласы маңында болған. "Сирия демократиялық күштерінің" мәлімдеуінше, әуе соққысы салдарынан алты жауынгер жараланған. Ресей ұшақтары соққы берген ауданда сонымен бірге ИМ тобына қарсы коалиция құрамына енетін өзге де әскери қызметкерлер болған. Олардан ешкім зардап шекпеген.

Дейр-аз-Зор қаласы маңындағы аймақ ИМ террорлық тобының соңғы тіректерінің бірі саналады. Жихадшылар бұл қаланы екі жыл қоршауда ұстаған. Дейр-әл-Зор түбінде радикалды исламшылдарға қарсы ресейлік ұшақтардың жәрдеміне сүйенген Сирия үкіметінің армиясы да, сонымен қатар, халықаралық коалиция қолдайтын сириялық оппозициялық күштер де әрқайсысы дербес әскери операциялар жүргізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG