Accessibility links

БҰҰ бас хатшысы Ирак Күрдістанында референдум өткізуді қолдамайды


БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш. Нью-Йорк,13 қыркүйек 2017 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі туралы қыркүйектің 25-іне жоспарланған референдум "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қарсы күрестен және жиһадшылардан азат етілген аудандардағы жағдайды тұрақтандыру ісінен назарды басқаға бұрады" деп санайды деп хабарлады жексенбі күні БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик, Reuters мәліметінше.

Оның айтуынша, БҰҰ бас хатшысы "Ирактың егемендігі, территориясының тұтастығы және бірлігіне" қолдау білдіре отырып, Ирактың орталық үкіметі мен Ирактың Күрд автономиялық аймағы арасындағы барлық проблемалар "байыпты диалог және сындарлы ымыраға келу" арқылы шешімін табуы тиіс деген пікір ұстанады. "Бас хатшы Ирак жетекшілерін бұл мәселеде төзімділік пен ұстамдылық танытуға шақырады" дейді Дюжаррик.

Өткен аптаның басында Ирактың Күрд автономиялық аймағының парламенті 25 қыркүйекте тәуелсіздік туралы референдум өткізу туралы шешім қабылдаған. Референдум өткізу идеясына Ирактың аталған аймағымен қоса күрдтер қоныстанған өзге жерлер де қолдау танытқан. Ирак билігі референдум ел заңына қайшы келетінін айтып, оны өткізуге қарсылық білдірген. Бағдат күрд автономииясы жеткілікті дәрежеде егемендікке ие деп санайды.

Өз аумағында күрд азшылығы тұратын Түркия мен Иран да Ирактың Күрд автономиялық аймағында тәуелсіздік туралы референдум өткізу идеясына қарсы.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Ирак Күрдістаны басшылығын тәуелсіздік туралы референдумды кейінге қалдыруға шақырған. Батыс елдері даулы плебисцит өткізу аймақта жаңа жанжалдың шығуына түрткі болуы мүмкін деп қауіптенеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG