Accessibility links

Қарағандыда "Қазақавтожол" филиалы басшылары "парақорлық" күдігімен ұсталған


"Қазақавтожол" мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды облыстық филиалының басшылары "пара алған" деген күдікпен ұсталған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлаған.

Ұлттық бюроның ақпаратында "Қазақавтожол" кәсіпорнының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Ғадыл Мұқанов пен оның орынбасары Ержан Отаровтың жергілікті компания өкілдерінен "17 миллион теңге пара алған" деген күдікпен ұсталғаны айтылған.

"Қазақавтожол" басшыларына ақша Қызылорда-Қарағанды-Павлодар автожолының жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін берілген", - делінген ресми хабарламада.

Мұқанов пен Отаров және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің екі өкілі сот шешімі бойынша қамауға алынып, төртеуінің үстінен қылмыстық кодекстің "пара алған" және "пара берген" деген баптары бойынша іс қозғалған, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр деп хабарланды.

Күдіктілер мен олардың мүддесін қорғаушылардан ұсталғандарға тағылған айыптарға қатысты әзірше қандай да бір комментарий алу мүмкін болмады.

XS
SM
MD
LG