Accessibility links

Қытай мен Ресей Солтүстік Кореяға жақын теңізде жаттығу бастады


Ресей, Қытай және Солтүстік Корея арасындағы шекарадағы өзен. (Көрнекі сурет.)
Ресей, Қытай және Солтүстік Корея арасындағы шекарадағы өзен. (Көрнекі сурет.)

Қытай мен Ресей дүйсенбі күні Солтүстік Корея жағалауына жақын маңда теңізде әскери жаттығулар бастаған. Бұл жаттығулар Пхеньянның ядролық бағдарламасын дамытуына байланысты халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығы күшейіп, өзге мәселелермен бірге осы проблема да қаралуы ықтимал БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысы ашылар қарсаңда басталды.

Қытайдың мемлекеттік Xinhua ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бірлескен жаттығулар Ресей мен Солтүстік Корея шекарасы маңында, Владивосток қаласына жақын тұстағы Ұлы Петр шығанағы мен Жапониядан солтүстікке қарай, Охот теңізінің оңтүстік бөлігі аралығындағы теңіз аймағында өткізіледі. Бұған дейін Ресей мен Қытай әскери теңіз күштерінің бірлескен жаттығуларының бірінші бөлімі шілде айында Балтық теңізінде өткізілген.

Қытай мен Ресей осыған дейін Солтүстік Кореяның мәселесін бейбіт жолмен шешу және проблеманы келіссөз арқылы реттеуге бірнеше рет шақырған.

New York Times басылымы жексенбідегі мақаласында Солтүстік Кореяның кезекті рет баллистикалық зымыран ұшыруынан кейін халықаралық қауымдастық бірлік танытып, Пхеньянға қарсы санкцияларды қолдануы тиіс деген Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің сөзін келтірген.

Өткен жұма күні Солтүстік Корея ұшырған баллистикалық зымыран Жапонияның үстінен ұшып өтіп, Тынық мұхитына құлаған. Пхеньян соңғы үш аптада осымен екінші зымыран ұшырып отыр. Ал қыркүйектің 3-і күні Солтүстік Корея, халықаралық қауымдастықтың қысымына қарамастан, алтыншы әрі ең қуатты ядролық қару сынағын өткізген.

XS
SM
MD
LG