Accessibility links

Березовкадан 70 отбасы Ақсай маңындағы жаңа үйлерге көшті


Березовка ауылының тұрғындарына арнап қала маңындағы Аралтал кентінде салынған жаңа үйлер. Батыс Қазақстан облысы, 25 тамыз 2017 жыл.
Березовка ауылының тұрғындарына арнап қала маңындағы Аралтал кентінде салынған жаңа үйлер. Батыс Қазақстан облысы, 25 тамыз 2017 жыл.

Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылындағы 70 отбасы Ақсай қаласының маңындағы елдімекенде жаңадан салынған үйлерге қоныстанды деп хабарлады Азаттыққа облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. 2014 жылдың соңында Березовкада белгісіз дертке шалдыққан оқушы балалар жаппай уланған болуы ықтимал деген жорамал айтылған еді.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарашығанақ мұнай-газ кенішінің төңірегіндегі санитарлық қорғау аймағында орналасқан Березовка және Бестау ауылдарынан тұрғындарды көшіру биыл аяқталмақ.

Кенішті игеріп жатқан "Карачаганак Петролеум Оперейтинг" (КПО б.в.) компаниясының қаржысына ауыл тұрғындары үшін Ақсай қаласының шетіндегі Аралтал кентінен 100 үй жаңадан салынған, ал Ақсай қаласында екі 9 қабатты 153 пәтерлік үй құрылыстары жүріп жатыр.

"Тұрғындарды көшірудің екінші кезеңінде 90 отбасы жаңа баспаананың кілтіне ие болды, олардың 70-ке жуығы қоныс тойын тойлады", - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Березовка ауылы әлемдегі ең ірі мұнайгаз конденсаты кеніштерінің бірі - Қарашығанақпен көрші орналасқан. Ауылдағы жасөспірімдер белгісіз дертке шалдыққандарына шағымданған: 2014 жылдың соңында ондаған оқушы балалар белгісіз заттан улану белгісіне ұқсас жағдайды басынан өткерген. Кей балалардың есінен танып қалуы бірнеше рет қайталанған. Тұрғындар 25 оқушының улануына кеніштен ауаға рұқсатсыз газ тарату себеп болған деп санайды. Шетелдік КПО б. в. концорциумы оқиға болар күннің қарсаңында ауа газды экологиялық талаптарға сай таратқанын айтып, ауыл тұрғындары тап болған белгісіз оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеген. 2015 жылғы шілдеде Қазақстан үкіметі кеніштің айналасындағы "есептік санитарлық қорғау аймағының кеңейтілуіне байланысты" Березовка ауылының тұрғындарын толықтай көрші Ақсай қаласына көшіру туралы қаулы қабылдаған. Ресми тұжырым бойынша, балалардың улануына "мектептің жылыту қазандығынан бөлінген газ" себеп болған. Сонымен бірге КПО б. в. кәсіпорнына ауаға белгіленген шектен тыс газ таратқаны үшін 10 миллиард теңгеге жуық соманың айыппұлы салынған.

Березовка ауылында мыңнан аса адам әлі тұрып жатыр. 2015 жылғы желтоқсанның ортасында 82 отбасын (416 адам) Ақсай қаласына көшірген. Олардың арасында балалары жаппай улану кезінде зардап шеккен отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар бар.

Березовка балалары шалдыққан жұмбақ дерт туралы Азаттықтың "Зәрлі шындық" фильмі:

Зәрлі шындық
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:16:28 0:00

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG