Қазақстан АҚШ бастамасымен дайындалған Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау жөніндегі декларацияға қолдау білдіреді деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі.Он тармақтан тұратын құжатта ұйымға мүше елдер арасында әріптестікті нығайту қажеттігі, олардың арасындағы үйлестіруді жақсартудың түрлі шаралары туралы айтылған. Сонымен бірге декларация БҰҰ-дағы кадр саясатын оңтайландыру мәселесін де қозғаған.
"БҰҰ реформасы бойынша Декларация Қазақстанның осы саладағы негізгі көзқарастарына сәйкес келеді", - делінген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 18 қыркүйекте БҰҰ қызметін жетілдіруді қолдау жөніндегі жоғары деңгейдегі шараға Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысқан.
Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) реформалау процесіне қолдау білдіруге келіскен әлемнің 142 елінің арасында АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Жапония да бар. Ресей бұл процеске қатысудан бас тартатыны туралы мәлімдеген.