Accessibility links

Мексикада зілзаладан кемінде 130 адам мерт болды


Күшті жер сілкінісінен зардап шеккен Мехикодағы құтқару жұмыстары. Мексика, 19 қыркүйек 2017 жыл.
Күшті жер сілкінісінен зардап шеккен Мехикодағы құтқару жұмыстары. Мексика, 19 қыркүйек 2017 жыл.

Мексикада сейсенбі күні жергілікті уақытпен 13:14 кезінде болған күшті жер сілкінісінен опат болғандар саны 130 адамнан асты деп хабарлайды шетелдік ақпарат агенттіктері. Зілзала құрбандарының саны тағы көбеюі мүмкін.

АҚШ геология қызметінің хабарлауынша, 7,1 магнитудалы жер сілкінісінің эпицентрі ел астанасы Мехикодан шамамен 120 шақырым қашықтықта, Пуэбла штатындағы Атенсинго қаласына жақын маңда, жердің 51 километр терең қабатында болған.

Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, табиғи апаттан Мехико, Пуэбла және Морелос штаттары зардап шеккен. Мехикода, Пуэблада ондаған үй қираған. 3 миллионнан астам тұрғын электр қуатынан ажырап қалған. Жер сілкінісінен зардап шеккен бірнеше штатта мектептер, Мехико қаласының әуежайы жабылған.

Апат салдарынан ғимараттар құлап, адамдар зардап шеккен аудандарда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қирандылар астында адамдар қалып қойған болуы мүмкін деген болжам бар.

АҚШ президенті Дональд Трамп зілзалаға байланысты көңіл айтқан.

"Мехико тұрғындарын Құдай жарылқасын. Біз сіздермен біргеміз және жәрдем танытамыз", - деп жазған ол Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында.

Сәрсенбі күні таңертең Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мексикадағы жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар екені жайлы мәлімет түспегені туралы хабарлады.

XS
SM
MD
LG