Accessibility links

Трамптың адвокаты: Кремльмен келісім болған жоқ


АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаты Майкл Коэн.
АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаты Майкл Коэн.

АҚШ сенатының барлау жөніндегі комитеті президент Дональд Трамптың адвокаты Майкл Коэннен жабық кездесу өткізбейтін болды. Адвокатты жақын уақытта ашық тыңдауға шақырмақ. Қыркүйектің 19-ы күні баспасөз арқылы жасаған мәлімдемесінде Коэн өзі де, Дональд Трамп та 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауы кезінде Мәскеумен жасырын келісім жасамағаны туралы айтты. Бұдан кейін Коэн куәлік беру үшін сенатқа келді, бірақ сенат мүшелері онымен кездесуден бас тартты.

Коэнмен жасалған келісім бойынша, ол сенаттың барлау жөніндегі комитетіне жауап бергенге дейін көпшілікке ешқандай мәлімдеме жасамауы тиіс болатын дейді сенаторлар. Коэннің Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковқа Мәскеуде Trump Tower көпқабатты ғимаратын салуға көмектесуін сұрап өтініш білдіргені жайлы ақпарат биыл тамыз айында мәлім болған. Өтініш айтылған хат Песковқа 2016 жылғы қаңтарда электронды пошта арқылы жолданған, бірақ жауапсыз қалған. Бұл жөнінде АҚШ Конгресіне келіп түскен құжаттардан белгілі болған. Конгресс Дональд Трамптың сайлауалды штабының Кремльмен ықтимал келісімі болған я болмағанын тексеріп жатыр.

Коэн Трамптың атына айтылған айыптауды оның президенттік беделін түсіру үшін жасалған әрекет деп атады. Мәскеу АҚШ-тың ішкі саясатына ықпал етуге тырысқаны жайлы айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG