Қазақстан мен Ресей ядролық энергетика саласы бойынша ғылыми зерттеулер мен талдаулар жүргізу ісіндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды деп хабарлайды Қазақстанның энергетика минитсрлігі. Сонымен бірге Венада өтіп жатқан халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) бас конференциясының 61-сессиясы аясында тараптар Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында 1995 жылғы 20 қаңтарда жасалған ядролық қаруды жою кезіндегі ынтымақтастық және өзара есеп айырысу туралы келісімнің хаттамасына қол қойған.
Баспасөз қызметінің хабарламасында Венадағы сессияға Қазақстан делегациясын бастап барған энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың АҚШ энергетика министрі Рик Перри және Украинаның энергетика және көмір өнеркәсібі министрі Игорь Насаликпен кездесіп, "атом энергетикасын дамытудың негізгі мәселелері бойынша" пікір алмасқаны айтылған.
Австрия астанасында өтіп жатқан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жыл сайынғы форум 22 қыркүйекте жұмысын аяқтайды.