Accessibility links

БАҚ: Мирзияев АҚШ-қа Усмановтың ұшағымен барды


Өзбекстан президент Шавкат Мирзияевтің (суретте алдыңғы қатарда) Нью-Йорк әуежайына келуі. 18 қыркүйек 2017 жыл.
Өзбекстан президент Шавкат Мирзияевтің (суретте алдыңғы қатарда) Нью-Йорк әуежайына келуі. 18 қыркүйек 2017 жыл.

Баспасөз құралдарының хабарлауынша, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нью-Йорк қаласына ресейлік олигарх Әлішера Усмановтың жеке меншік ұшағымен ұшып барған. Әуедегі ұшақтардың қозғалысын нақты уақытымен бақылауға мүмкіндік беретін Flightradar24 сайтының мәліметі бойынша, M-IABU кодымен тіркелген Airbus A340-313 ұшағы радарға түскен. Мұндай кодпен тіркелген ұшақ Әлішер Усмановтың меншігінде деп жазады басылымдар.

Flightradar24 дерегі бойыныша, 18 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 9:19 кезінде Ташкент халықаралық әуежайынан ұшып шыққан ұшақ еш жерге аялдамастан 13 сағат 5 минут ұшқаннан кейін Нью-Йорктегі Джон Фицджеральд Кеннеди (JFK) атындағы әуежайға қонған. Шавкат Мирзияев Нью-Йоркке БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясына қатысуға барған.

Flightradar24.com сайтынан скриншот.
Flightradar24.com сайтынан скриншот.

Әлішер Усмановтың меншігіндегі Airbus A340-313 ұшағы M-IABU тіркеу кодымен есепте тұр, оның құны 350 миллион долларға бағаланады. Өзбекстан президентінің АҚШ-қа ресейлік олигархтың меншігі ретінде тіркелген ұшақпен ұшып баруының себебі әзірше белгісіз. ВВС-дің хабарлауынша, 18 қыркүйек күні «Ахборот» жаңалықтар бағдарламасы Мирзияевтің Ташкент әуежайынан сапарға аттанғаны туралы хабар берген, бірақ онда президент мінген ұшақты көрсетпеген.

Шавкат Мирзияев Өзбекстан президенті болып сайланғаннан кейін Әлішер Усманов Өзбекстанға жиі баратын болған. Ресей президенті Владимир Путинге жақын олигарх саналатын Усмановтың Мирзияевқа туыстығы бар. Шавкат Мирзияевтің әйелінің туысы Диёра Усманова Әлішер Усмановтың жиені Бабур Усмановқа тұрмысқа шыққан. Бабур Усманов 2013 жылы Ташкентте көлік апатынан опат болған.

XS
SM
MD
LG