Accessibility links

Мирзияев Өзбекстанда адам құқығын жақсартуға уәде берді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2017 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясында сөйлеп тұр. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2017 жыл.

БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен алғаш рет сөйлеген сөзінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев өз үкіметінің күш-жігерін азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге, Өзбекстан мен Орталық Азиядағы адам құқықтарының сақталуына жұмылдыруға уәде берді.

Өзбекстан жетекшісі ұлттық валюта бағамын құбылмалы жасау, кәсіпкерлерге салынатын салықты азайту және берілетін несие көлемін ұлғайту, еркін экономикалық аймақтар құру туралы шешімін азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатымен қабылдағанын айтты. "Біз қарапайым шындыққа сүйенеміз: халық бай болса, мемлекет қуаты да артады", - делінген ағылшын тіліне аударылып, БҰҰ сайтында жарияланған Мирзияевтің сөзінде.

Өзбекстан президенті өз үкіметі "дамуы орнықты, көршілерімен тату-тәтті және тұрақтылық аймағына" айналған "бейбітсүйгіш әрі экономикасы гүлденген Орталық Азия" құрумен айналысатын болады деп мәлімдеді. Ол бұған дейін осы айда Өзбекстан мен Қырғызстан арасында шекара мәселесіне қатысты жасалған келісімді аймақта бұдан да ауқымды мақсаттарға жетуге жол ашатын "тарихи оқиға" деп атаған.

Мирзияевке дейін елді ширек ғасырдан астам уақыт басқарған марқұм Ислам Каримовтың тұсында шекара дауы, этникаралық келіспеушіліктер және аймақтағы су ресурстарын бөлу мен энергия тасымалына байланысты экономикалық қарама-қайшылықтар кесірінен Өзбекстанның көршілерімен қарым-қатынасы онша болмай келген еді.

XS
SM
MD
LG