Accessibility links

Қырғызстанның бұрынғы бас прокурорын сегіз жылға соттауды сұрады


Қырғызстан парламентінің депутаты, оппозициялық "Ата Мекен" партиясының мүшесі Аида Салянова.
Қырғызстан парламентінің депутаты, оппозициялық "Ата Мекен" партиясының мүшесі Аида Салянова.

Бішкектің Ленин аудандық сотында Қырғызстан парламентінің депутаты, бұрын бас прокурор және әділет министрі қызметтерінде істеген Аида Саляноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Жарыссөз кезінде прокурор судьядан сотталушыға сегіз жыл түрме жазасын тағайындап, мүлкін тәркілеуді сұрады.

2016 жылғы желтоқсанда Қырғызстан бас прокуратурасы Салянованың үстінен қылмыстық кодекстің "Қызмет бабын теріс пайдалану" бабы бойынша іс қозғаған. Оған 2010 жылы әділет министрі болып тұрған кезде бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің ұлы Максим Бакиевтің серігі Алексей Елисеевтің адвокаттық лицензиясының мерзімін заңсыз ұзартқан деген айып таққан.

Аида Салянова билік өзін "саяси астармен қудалап жатқаны" және тергеу ісі заң талаптарына қайшы жүргізілгені туралы мәлімдеген. Салянованың сөзінше, Елисеевтің адвокаттық лицензиясын ұзартудан бас тартуға "ешқандай құқықтық негіз болмаған".

Салянова Қырғызстанда оппозициялық "Ата Мекен" партиясының мүшесі. Партия жетекшісі Омурбек Текебаев ақпан айында коррупция айыбымен тұтқындалып, тамызда сот үкімі бойынша сегіз жылға түрмеге қамалған және мүлкі тәркілеуге жатқызылған. Оған қоса сот Текебаевқа үш жылға дейін саяси қызметпен айналысуға тыйым салған.

Омурбек Текебаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Оппозициялық саясаткердің жақтастары билік Текебаевты биыл күзге белгіленген президент сайлауынан шеттету мақсатымен қудалап, жазалады деп біледі.

XS
SM
MD
LG