Accessibility links

Оралда көлік қаққан марқұмның туыстары экс-полицейге кешірім бермеді


Орал қалалық ішкі істер басқармасының бұрынғы бөлім басшысы Самат Наурызов (оң жақта) сот залында. Орал, 20 қыркүйек 2017 жыл.
Орал қалалық ішкі істер басқармасының бұрынғы бөлім басшысы Самат Наурызов (оң жақта) сот залында. Орал, 20 қыркүйек 2017 жыл.

Бүгін Оралда қалалық ішкі істер департаменті жедел-қылмыстық бөлімінің бұрынғы бастығы, адам қазасына соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша айыпталған Самат Наурызовтың ісі бойынша өткен сот отырысында айыпталушының процессуалдық келісім жасау туралы өтініші қанағаттандырылмады. Жол-көлік оқиғасында қазаға ұшыраған адамның туыстары сотталушымен ондай келісім жасауға қарсылық білдірді.

Іс материалдары бойынша, 36 жастағы Наурызовқа 22 шілде күні Орал қаласының Көктем шағын ауданындағы автобус аялдамасында екі адамды автокөлікпен қағып кеткен деген айып тағылған. Оқиға салдарынан Ақтөбе облысындағы Шалқар кентінің 42 жастағы тұрғыны сол жерде мерт болған, оның асырап алған қызы Сандуғаш Сүлейменованың денесінің көп жеріне зақым келіп, ауруханаға түскен.

Наурызовқа қылмыстық кодекстің "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" деп аталатын 345-бабы бойынша айып тағылған. Қаза болған адамның туысы Назгүл Оразаева соттан "Наурызовқа заң бойынша қатал жаза тағайындауын" сұрады.

Бұрынғы полиция қызметкері сотта айыбын мойындап, қаза болған адамның туыстарынан кешірім сұрады.

Жол-көлік оқиғасынан мерт болған және зардап шеккендердің туыстары соттан моральдық зиян мен материалдық шығынның өтемі ретінде сотталушыдан 31 миллион 310 мың теңге (90 мың доллардан аса) өндіртіп беруді сұрап, талап арыз түсірген.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG